Бурабайда ұлттық табиғи паркі аумағындағы тау өртеніп жатыр (ВИДЕО)
Ақмола облысы ТЖД-ның 158 қызметкері мен «Бурабай» МҰТП-ның 70 қызметкері өрт шыққан жерге жаяу жетті
Бүгін таңертең жедел кезекшінің пультіне «Бурабай» МҰТП аумағындағы «Көкшетау» тауында шамамен 800 метр биіктіктен түтіннің көрінгені туралы хабарлама келіп түскен.
Нақтыланған мәліметтер бойынша, өсімдіктер өртенген. Қазір өрт аумағы мен себептері анықталып жатыр.
Жалпы, жалынды өшіруге Ақмола облысы ТЖД-ның 158 қызметкері мен «Бурабай» МҰТП-ның 70 қызметкері тартылған. Олар өрт шыққан жерге жаяу барып, сөндіруге кіріскен.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасы бойынша тұтануды жедел жою үшін Қазавиақұтқару тікұшағы жұмылдырылған. Ол да сол жерге бет алды, - делінген ТЖМ ресми хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, таудағы орман өртін сөндірудің біраз ерекшелігі мен қиындығы бар. Ол үшін жер қазу және топырақ өңдеу техникасын қолдану шектелген, ал тасты топырақтарда оған мүлдем жол берілмейді. Мұнда автоцистерналар мен өрт сөндіру мотопомпаларын пайдалану да мүмкін емес. Сондықтан қазір жеке құрам өртті сөндіру үшін аспалы бүріккіштерді, сондай-ақ қол құралдары – күрек, кетпен және тырма қолданады.
«Тұтанудың көлденең беткейден тік беткейге ауысуы кезінде жану жылдамдығы да артуы мүмкін. Бұл өртті сөндірушілер үшін қауіпті», - делінген хабарламада.