Күдікті 2 айға қамауға алынды
Ақтау теңіз порты кеден бекеті басшысының орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтау теңіз порты кеден бекетінің бірнеше лауазымды тұлғасына қатысты іс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Күдікті декларанттардың кедендегі өкілдерінен ақша алған. Қанша сома екені нақтыланбады. Басты күдікті 2 айға қамауға алынды.
«Тергеу барысында кеден бекеті басшысының орынбасары ұсталды. 10 қыркүйекте сот оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деді Маңғыстау облысы прокуратурасының аға прокуроры Әсет Бекқайыров.