Кәсіпкер ағаштарды заңсыз отап тастаған
Петропавлда Лесхоз ауданында қайыңды ормандағы ағаштарды кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ағашты отаған кәсіпкер жерді қалалық әкімдіктен 2007 жылы сатып алған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
80 сотық жерде кәсіпкер Фамил Абдуллаев автосервис орталығын салмақ. Тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр.
Орманды отап тастады. Маңай кәдімгідей жалаңаштанып қалды. Жолдың шуы қатты естіліп тұрады. Маңай қап-қара шаң болып кетті. Балаларымызды далаға шығаруға қорқамыз. Бұл жерде бизнес нысаны болса, кім болса сол келеді. Жүк көліктері тоқтайды. Кәсіпкер ҚР Заңдарына бағынып отырған жоқ. Ешқандай рұқсатсыз ағаштарды аяусыз кесіп тастады, - дейді қала тұрғыны Ильмира Қажымұратова.
Қаланың бас жоспары бойынша бұл аумақта жасыл желек өсіп тұруға тиіс. Ал кәсіпкердің жоспары басқа.
Бұл жерді ағам 2007 жылы әкімдіктен сатып алды. Қанша төлегенінде шаруам жоқ. 2011 жылы 300 мың теңгеге маған сатты. Өз мүлкімді қалай пайдалансам да өз еркім. Тек қалалық әкімдікке хабарладым. Қолымда барлық тиісті органдардың рұқсаты бар. Жарық пен су құбырын тартып қойдық. 2007 жылы 270 гектар жер орман алқабынан шығарылып, жер үйлер салынды. Ағашты отап, тұрғын үй салғанда неге бизнес нысанын салуға болмайды екен, - дейді Фамил Абдуллаев.
Оталған орман жанында жиналған халық қалалық әкімдік өкілдеріне шағымын жеткізді. Шаһар басшысының орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, аталған учаскені әкімдік мемлекет меншігіне қайтармақ болған, алайда нәтиже шықпаған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі де бұл фактіні растады.
«2006 жылы жер учаскесі орман қорынан шығарылып, сатылып кеткен. 2007 жылы қонақ үй, тұрақ салу үшін кәсіпкер Бахтияр Абдуллаев пен қала әкімдігі арасында сатып алу-сату келісім шарты жасалды. 2020 жылы қала әкімдігі ауданаралық сотқа жер учаскесінің берілуінің күшін жою туралы арыз жіберді. 2021 жылы апелляциялық сот кәсіпкер Фамиль Абдуллаевтың талаптарын дұрыс деп тауып, жер учаскесі бойынша құқықтарын сақтады. Кәсіпкерге учаскеде жобалау мен құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген. Петропавл полициясы ағаш кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізіліп жатыр. Былтыр осындай факт Қызылжар ауданында болды. Кәсіпкер рұқсатсыз ағаштарды кесіп тастады. Бұл жағдайдан кейін Қызылжар ауданының әкімдігі жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Қазір ақшалай өтемақы бойынша сот жалғасып жатыр» - делінген СҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жер сатылған 2007 жылы Петропавл қаласының әкімі қызметін Владимир Никандров басқарған. Қазір оның қайда және немен айналысып жүргені туралы ақпарат жоқ. Тұрғындар аталған аумақта қандай да бір нысан салуға қарсы. Көпшілік кәсіпкерді сотқа бергелі жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда Лесхоз ауданында қайыңды ормандағы ағаштардың оталғаны туралы әлеуметтік желіде хабарланды. Тұрғындар оған қарсы болып, себебін нақтылауды сұрады.