Бұл жолы сұхбатты танымал тележүргізуші Жайна Сламбек алды
Ертең, 17 ақпан күні сағат 20:30-да QAZAQSTAN ұлттық телеарнасынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі, деп мәлімдеді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Мемлекет басшысы сұхбат барысында қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап береді, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Тоқаев «Хабар» телеарнасына орыс тілінде сұхбат берген болатын. Ол онда көптеген маңызды мәселе көтерді. Атап айтсақ, Алматыға шабуыл жасаған лаңкестер, Алматы әкімінің ауысуы, азаматтар қауіпсіздігі, бітімгерлік контингент, қазақ жастарын Ресейге техникалық оқуға жіберу, Президент болып қайта сайлану, қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық беру, Парламенттегі партиялар, Алматының ресми атауының сақталуы, Қытай, мақтауға көзқарасы мен Назарбаевпен ара қатынасы туралы сөз қозғаған еді.