Атырау облысындағы қамыс өрті толығымен өшірілді

Динара Амантай

Жағалаудағы өртті сөндіруге ТЖД-ның 13 қызметкері мен 2 техника тартылды

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті толығымен өшірілді. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бүгін, 24 қыркүйекте сағат 08:40-та қамыс өрті толығымен өшірілді.

Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті жергілікті уақытпен 20:40 шамасында басталды. Теңіз жағалауындағы батпаққа байланысты өртті сөндіру мүмкін болмады. Сол себептен, 21 қыркүйекте «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағымен әуеден су шашуға шешім қабылданды. Қамыс өртіне 21 қыркүйекте күндіз тікұшақтың су шашу құрылғысымен әуеден 33 мәрте су төгілді. Соның нәтижесінде қамыс өртінің бір ошағы, шамамен 400 шаршы метр аумақтағы жалын сөндірілді. Ал, кешке дейін әуеден 66 рет су шашылып, 3 гектардағы өрт жойылды, – делінген хабарламада.

Су тікұшақпен қамыс өртінің ошағынан 1,5-2 шақырым қашықтықта орналасқан көлден алынды.

Өрттің салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Бүгін, 24 қыркүйекте сағат 09:00-де «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағымен аэровизуалды тексеру жүргізілді. Тікұшақ экипажының құрамында 5 адам бар. Тексеру кезінде теңіз жағалауында қамыстың жану және бықсу ошақтары анықталған жоқ», – деп мәлімдеді ведомстводан.

Жағалаудағы өртті сөндіруге Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 13 қызметкер мен 2 техника тартылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Каспий теңізінің жағалауында тұтанған қамыс өрті бір аптадан бері сөнбей тұрғаны туралы хабарлаған едік.