Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінде ерекше жағдай болды
Бұл Димаштың Алматыда өткізген алғашқы концерті
Алматыда Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты жеке концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл концертті осындағы ағайынға, жерлестеріме алғаш беріп отырмын. Ол тіпті мен үшін емтихан десем де болады. Сонымен қатар сіздердің көңілдеріңізден шығып, баталарыңызды алу үшін алғаш рет осында келіп тұрмыз. Жалпы мен 15 жасымда дәл осындай лық толы стадионда халықпен бірге ән орындасам деп армандайтын едім. Сол арманым сіздердің арқаларыңызда орындалып жатыр», - деді әнші концерт алдында.
Концертте Димаш Құдайберген бұрыннан айтып жүрген әндерімен қатар, жаңа туындыларды да орындады.
Бірнеше бөлімнен тұратын шоу тосын-сыйларға толы.
Мәселен, Димаш бұл кеште өзінің туған інісі — Әбілмансұр Құдайбергеннің заманауи стилде жазылған авторлық туындысын тұңғыш рет тыңдарманның алдында тұсауын кессе, жас музыкант Әбілмансұр да композитор Ренат Гайсиннің туындысын музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен үлкен сахнада орындап берді.
Қазақ баласының Алматыдағы кешіне әлемнің 70-ке жуық елінен фанаттары арнайы келген. Олар сүйікті кумирін қолдау мақсатында стадионда 10 мыңға жуық түрлі-түсті шамдар жағып, кеш иесі мен концертке келген көпшілікке ерекше атмосфера сыйлады.
Концертте халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнерлерін ортаға салды.
Шоуға жиналған халық Димашпен бірлесе әндер орындады. Концертте сондай-ақ қобыз, домбыраның тарихынан сыр шертетін бейне роликтер көрсетілді. Шоу барысында Димашты өзінің бэнд-тобы сүйемелдеді.
Жалпы концерт аншлагпен өтті.