×

Astana Open турниріне Новак Джокович қатысады

Ол Қазақстанға Болат Өтемұратовтың шақыруымен келеді

 Дастан Жұмабекұлы 23.09.2022 | 17:01
фото: ашық дереккөз

1 – 9 қазан күндері елордада өтетін Astana Open ATP 500 турниріне «Үлкен дулыға» жарысының 21 дүркін чемпионы Новак Джокович қатысады. 
Бұл туралы Теннис федерациясы хабарлады.

Қазір Джокович Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан  Лэйвер кубогы үшін турнирге қатысып жатыр. Бұл жарыс 25 қыркүйекке дейін болады. Одан кейін Новак Джокович Астанаға жолға шығады.

Енді «Үлкен дулыға» жарысының алты чемпионы күш сынасады. Турнирге Джоковичтан басқа «Үлкен дулыға» жарыстарының әр жылдары жеңімпазы болған әлемнің 1-ракеткасы Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Марин Чилич, Станислас Вавринка пен Энди Маррей келе жатыр.

Сондай-ақ жұптық сында да «Үлкен дулыға» додасының бірнеше чемпионы кортқа шығады. Жанкүйерлер дүниежүзілік рейтингте көш бастаған Джо Солсбери, Раджив Рам, Нил Скупски, Уэсли Колхоф, Жан-Жульен Ройер, Марсело Аревалдоның өнерін тамашалай алады.

Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, елімізде алғаш рет өтетін додада ең мықты ойыншылар өнер көрсетеді.  ATP 500 сериясы бойынша өтетін турнирдің жеңімпазы қомақты жүлдеге қоса, 500 рейтингілік ұпайға ие болады.

Осыған дейін Азия құрлығында ATP 500 сериясы бойынша ірі жарыс Дубайда өткен еді. Енді Astana Open турнирімен бір мезгілде Rakuten Japan Open Tennis Championship болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама