×

Ресейлік студенттердің Қазақстанда білім алуына шектеу қойыла ма?

Биыл еліміздегі университеттерге шамамен 2,5 мың ресейлік студент ауысқан

 Дәурен Ерболат 23.09.2022 | 16:23
Фото: Sputnik

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресейлік студенттерді қабылдау-қабылдамауға қатысты шешімді жоғары оқу орындары шығаратынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«2022 жылғы мамырдан бастап Ресейден шамамен 2,5 мың студент Қазақстандағы университеттерге ауысты, Украинадағы жоғары оқу орындарынан ауысқандар саны – 34 студент... Бұл сан өседі деген нақты болжам жоқ. Себебі, оқуға қабылдау аяқталды. Басқа елдің азаматтарына қазақстандық университеттерге түсуге шектеу қоя алмаймыз. Бұл мәселе заң аясында қарастырылады», - деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек ресейлік студенттерді Қазақстандағы университеттерге қабылдау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл шешімді жоғары оқу орындары қабылдайды. Біз университеттердің мүмкіндігін қатаң бақылауға алып, олармен үнемі байланыста боламыз. Кімнің және қашан ауысқанын білеміз. Егер өсім болса, бәріміз бірігіп, шешім қабылдаймыз. Қазір олар ағылып келіп жатқан жоқ», - деді ведомство басшысы.

Ол қазақстандық студенттердің де Ресейде жоғары білім алуына еш кедергі жоғын атап өтті.

Біз студенттерге шектеу қоя алмаймыз. Ресейде оқуын жалғастыруға ешқандай шектеу жоқ. Бүгінде бірнеше мың қазақстандық Ресей Федерациясында оқып жатыр, - деді Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама