Тәртіп сақшылары әйелдің әрекетін Сергек камералары арқылы байқап қалған
Шымкентте полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше кешкі сағат 18:04 шамасында Шымкент қаласы ПД ЖБО-ның инспекторы Дархан Құлмырзаев Қонаев даңғылы мен Мәделі қожа көшесінің қиылысында орналасқан Сергек камералары арқылы құбыр үстінде жүрген бір әйелді байқаған. Ол сол жерден секірмек болған.
Бұл туралы тәртіп сақшысы жедел түрде патрульдік полиция полкінің экипаждарына хабарлады. Шақыру бойынша бірінші болып ППП 3 рота командирінің орынбасары Табиғат Жақсыбектегі келді.
Тәртіп сақшысы уақыт жоғалтпай, құбырға көтеріліп, әйелді қауіпсіз жерге алып шықты. Артынша, мән-жайды анықтау мақсатында Әл-Фараби аудандық ПБ-ға жеткізді.
Белгілі болғандай, 30 жастағы қала тұрғыны бұндай қадамға күйеуімен арадағы ұрыстан кейін бармақ болған.