×

«Тазарту керек». Министр PhD дәрежесін сатып алған оқытушыларға қатысты пікір білдірді

Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр

 Дәурен Ерболат 23.09.2022 | 13:06
фото: ОКҚ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек философия докторы PhD дәрежесін сатып алған 58 оқытушыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

58 PhD дипломы мәселесіне тоқталайын. Біздің негізгі мақсатымыз жоғары білім және ғылым саласын (жалған дипломнан – автор) тазарту және сапасын көтеру. Бұл деректі министрлікке қарасты Сапаны қамтамасыз ету комитеті анықтады. Біз мәліметті тиісті органдарға жібердік. Жазаға тарту, кім кінәлі, бұл оқиға қалай болды бұл сұрақтар тергеу барысында анықталады. Сондықтан тергеу нәтижесін күтейік, - деді Саясат Нұрбек ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министр жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген оқытушыларды анықтау және саланы тазарту маңызды екенін атап өтті.

«Менің және министрлік бұл мәселеге қатысты ұстанымы – тазару. Неге? Себебі, білім мен ғылым саласы тазармай, бүкіл экономикамыз және басқа салалар да дамымайды. Оған мен кәміл сенемін», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Еске салайық, осыған дейін журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында философия докторы PhD дәрежесін оқымай алған 58 оқытушының тізімін жариялаған еді. Бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі түсінік берген еді.

Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 58 PhD докторы дипломын беруде заңбұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, дипломдар ведомствоға кері қайтарылды. Министрдің тапсырмасымен барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Бүгінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама