Шымкенттегі қайғылы жағдай: 1-курс студентінің өліміне қатысты тың дерек шықты
16 жастағы бозбала Түлкібас ауданының тумасы
Шымкенттегі жатақханалардың бірінде студент көз жұмды. Полицияның дерегінше, оқыс жағдай бүгін түнгі бірлер шамасында тіркелген. Белгілі болғанындай, бұл жағдай Манап Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің студенттері жататын ғимаратта болған. Қаза тапқан 1-курс студенті. Оның бөлмеде есінен танып құлағанын сондағылар полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшыларына куәгерлердің айтуынша, студенттердің бірі жігітті кеудесінен, ал екіншісі иығынан ұрған. Салдарынан ол кенеттен өзін нашар сезінген. Болған жайтқа қатысты студенттер жатақханасында ешкім түсінік бермеді. «Басшылық тергеуде» деп жауапты қысқа қайырды, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
«Студенттер жедел жәрдем шақырған, бірақ медицина қызметкерлері келгенге дейін олар жас жігітке көмек көрсетіп үлгермеген», -дейді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Әл-Фараби аудандық полиция бастармасының қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодекстің 106-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Білім басқармасының мәліметінше, қаза тапқан студент биыл ғана оқуға түскен. 16 жастағы бозбала Түлкібас ауданының тумасы. 9-сыныптан соң «Сандық техника» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түскен. Білім басқармасының баспасөз хатшысы қазір басқарма тарапынан колледждің тәрбие жұмысына қатысты зерделеу комиссиясы құрылып, тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.