Мобилизация: Қазақстаннан шыққан азаматтарды әскерге шақыру ұсынылды
Әскери міндеттен бас тартқан адамның өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де Ресей азаматығынан айыру ұсынылды
Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі Кирилл Кабанов 10 жылдан аз уақыт Ресей азаматы болып жүрген Орта Азия елдерінен шыққан азаматтарды әскерге шақыруды міндеттеуді ұсынды, деп хабарлады РБК.
Кабанов бұл ұсынысы Украинадағы арнайы операцияға ерікті түрде азаматтарының қатысуына тыйым салатын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан билігіне «лайық жауап» екенін мәлімдеді.
«Әскери міндеттен бас тартқан адамды отбасы мүшелерімен қоса Ресей азаматығынан айыру керек», -деді ол.
21 қыркүйекте Федерация кеңесі әскери қызметке кіріскен шетел азаматтарына Ресей азаматтығын беру рәсімін жеңілдететін заң жобасын мақұлдады. Қырғызстан мен Өзбекстан осы жағдайдан кейін бірден азаматтарына арнайы операцияға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті. Екі елде де заң бұзушыларды он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеу жолдап, Украинамен соғысқа байланысты елде ішінара мобилизация жариялады.