Биткоин және блокчейн бестселлерлері қазақ тілінде жарық көрді
Оқымандар бұл кітаптардан болашақта әлем қалай өзгереді деген сұраққа да жауап таба алады
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет қазақ тіліне аударылған биткоин және блокчейн технологиялары туралы бестселлер кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыздықов және профессорлар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Ректор әлемдегі бестселлер кітаптарды қазақ тіліне аудару маңызды екенін атап өтті.
«Дамыған мемлекетпіз, халықпыз десек, оның көрсеткіші – ғылым мен білім. Алдымен сол елдің тілі ғылым мен техниканың тіліне айналуға тиіс. Егер өз еліңнің тілі ғылымның тіліне айналса, бұл мемлекеттің дамығанын көрсетеді», - деді Ерлан Сыздықов.
Оның айтуынша, биткоин және блокчейн технологиялары туралы бестселлер кітаптарды қазақ тіліне Ұлттық аударма бюросы тәржімалаған.
Сондай-ақ қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов бұл кітаптар болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.
Қауымдастықта беделді кәсіпкерлер бар. Оның бірі – Altyn Qyran Foundation қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов. Мен бұл кітаптарды 1 жылда оқып шыққамын. Кейін біз қауымдастық мүшелерін шақырып, қазіргі биткоин және блокчейн технологиялар туралы осы 4 бестселлер кітапты қазақ тіліне аудару керек, осыған күш салайық деп шешім қабылдадық. Кейін біз Ұлттық аударма бюросына хабарластық, олармен келісімге келдік, - деді басқарма төрағасы.
Оған қоса Сапар Ахметов бестселлер кітаптарды аударуға қомақты қаражат жұмсалғанын атап өтті.
«4 кітапты аудару үшін АҚШ-тағы авторлардың рұқсатын алып, құқығын сатып алдық. Оларды аударуға 35 млн теңге жинадық. Нәтижесінде кітапты аударып, басып шығардық. Кітаптың тұсаукесер рәсімін беделді Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткіземіз деп шештік. Сіздер бұл кітаптарды алғаш рет көріп отырсыздар», - деді ол.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан биткоин және блокчейн бойынша сарапшы Нұрсұлтан Батыршаев та қазақтілді оқырмандарға жаңа кітаптар қызық болады деген пікірде.
Бұл кітаптарды әлем мойындаған. Оқырмандар ақшаның тарихы, биткоин және блокчейн технологиялары, киберэкономика, болашақта әлем қалай өзгереді деген сұрақтарға жауап таба алады. Сондай-ақ алдағы уақытта жаһанда жемқорлық мүлде болмауы мүмкін. Неге? Бұл сұрақтардың жауабын осы кітаптардан таба аласыз, - дейді ол.
Шара соңында бестселлер кітаптардың бір бөлігі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасына сыйға берілді.