Президенттікке үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталады – ОСК
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы 21 қазан күні сағат 18.00-де басталады
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан 1 күннен соң басталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді.
Яғни, 23 қыркүйектен басталып, 2022 жылғы 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталады, - деді ол ОСК отырысында.
Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. 21 қазанға дейін кандидаттың Конституция мен Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін бекіту, сондай-ақ қол жинау және тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 21 қазан күні сағат 18.00-де басталады.
Сонымен бірге жиында президенттікке үміткер болу үшін қанша қол жинау керектігі айтылды. Президенттiкке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемiнде 2/3-iнiң өкiлдiгiн құрайтын сайлаушылардың кемiнде 1 пайызының қолын жинаумен расталуға тиiс.
Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін 5 күн ішінде жүзеге асырылады. 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы сайлаушылар тізіліміне 11 827 277 азамат енгізілді.
Осылайша, әрбір кандидатты қолдау үшін 118 273 сенімді қол жинау қажет.