Өрт шыққанда пойызда барлығы 184 жолаушы болған
Кеше вагоннан өрт шығуы себепті, Алматы-Петропавл бағытындағы пойыздың «Қарағанды-Астана» учаскесінде шұғыл тоқтауына тура келген еді. От соңғы техникалық вагонның ішінен тұтанған. Қазір арнайы комиссия оның себеп-салдарын анықтап жатыр.
Осыған байланысты бүгін Алматыдан және ертең Петропавлдан шығатын №105 жолаушылар пойызы кестеден алынып тасталды.
КТК телеарнасының хабарлауынша, өрт шыққанда пойызда барлығы 184 жолаушы болған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт шыққан тіркемеге жақын вагондардағы 50 адамды алдыңғы қатарға орналастырып үлгеріпті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Артынша барлығы Тальго пойызына мініп, діттеген жерлеріне жеткен.
«Барлық жолаушы пойыз құрамында болды. Оқиға орнына Қарағанды стансиясының өрт сөндіру пойызы келіп, өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазір межелі станцияларға дейін жеткізу үшін жолаушыларды отырғызу жұмысы ұйымдастырылды. Тексеріс жүргізу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан арнайы комиссия құрылды», - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.