Сондай-ақ ол «жемқорлықпен күрескен болу – саяси тәсіл» деп санайды
Айтыс ақын Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желіде 6 айдан бері қамауда отырған Қайрат Сатыбалдыға қолдау білдіріп, жазба жариялады.
«Рас, жемқорлық жаман. Оны бәріміз білеміз. «Коррупция дұрыс» деп коррупционердің өзі айтпайды. Онда неге нәтиже жоқ? Неге, билік ауысса да пиғыл ауыспайды, уақыт өзгерсе де әрекет өзгермейді…? Жалпы соңғы уақыттарда адамзат баласы материалды игілікті рухани байлықтан артық қоюда. Бізде соның ішіндеміз…
«Жігіттер, ынталарың менікінде, Тән қызығын іздейсің, күні-түнде…» (Абай)
«Оқысам, ойлансам, еңбектенсем, дамысам» дегеннен көрі «ішсем, жесем, рахаттансам, жауапкершілік арқаламасам» деген пенде көбейді. Сондықтан көп адам адалдық туралы ауызы айтқанмен, оңай олжамен бетпе-бет келсе жүрегі, болмысы, түсінігі одан бас тартуға дайын емес…», – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Сондай-ақ ол «жемқорлықпен күрескен болу – саяси тәсіл» деп санайды.
«Уақытша болса да қауымды алдарқатып, бекіп алғанша бедел жинауға таптырмас амал. «Күресіп жатыр ғой, маған да жақсы болатын шығар» деп емексумен елдің біраз уақыты өтеді. Коммунистер де, капиталистер де қолданып келе жатқан ескі әдіс. Қай уақыттан бай сараңдау келеді, кедей біреуді кінәлуға дайын тұрады. Жарлыны байға, жалшыны қожайынға айдап салып, қоғамның дәстүрлі жүйесін бұзған болшевиктер де адам табиғатындағы осы құбылысты сәтті пайдаланған
Сосын, қоғамдағы жауапты кей тұлғалар көбінде өтірік күреседі. Көзбояушылық жасаумен айналысады. Ресми ақпаратты халыққа әспеттеп айтқанмен, іс барысында кісіні қинап, тапқанымен бөлісуді орайы келген олжа деп есептейді. «Өткенде олар алды, енді біздің уақыт келді» деп алақан ысқылайды.
«Айналаң ұры болған соң, адалдан бір мал соймайсың» (Есенқұл ақын)
Олар да осы қоғам тәрбиесінің жемісі… Айналып келгенде, үміт етіп отырған қарапайым ел алданады. Халықты әділдікке үндеп, елдік жайлы ертегі айтып жүрген жорналшы, блогер, белсенділердің көбі екі стандартта өмір сүреді. Жазғандарын оқысаң әулие сахаба секілді көрінеді, өмірде контактіге түсе қалсаң айла мен пайдакүнемдік тұрғысынан шайтан жолда қалатынын түсінесің. «Елім, халқым» деп қан жылап жатқан жазбасының түбінде жеке басының реніші мен дәмесінен басқа түк жоқ екенін бір сұрағы қаржылай шешіліп, бұлғақтаған кезде бірақ білесің», – деген ойымен бөлісті айтыс ақыны.
Осы ретте ол үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан Қайрат Сатылбалды жайлы да сөз қозғаған.
«Әлеуметтік желідегі сондай екі жүзді мүттайымдардың разылығын алғанша, істегенін мойынымен көтеріп жатқан, ертең босағасын да еліне қол үшін беруден қайтпайтын Қайрат ағаммен бір бағытта болып, қапастағы тұлғаның қасынан табылуды тәуір көрдім. Менің жеке мессенджерім мен дайректегі хаттарды оқысаңыздар қайран қалар едіңіздер…
Ондаған жылдар бойы «Қайрат ағаға шығарасыз ба?», «Қайрат ағаның телефонын тауып беріңізші бір тема бар еді», «Қайрат ағаңа айтшы, мені жоғарыға іліп жіберсін», «Қайрат ағамен істесек деген бір схема бар еді, байланыстырасыз ба?» деген сияқты өтінішпен сұрау салатындардың бәрі осы әлеуметтік желілерде отыр. Ішінде кім жоқ. Шетінен желіге шығарар ем, сеніп отырған елден обал… Енді солардың көбі «еттің сасығын-ай, деп бойы жетпеген бұтаққа ренжіген мысық секілді біреулерді боқтап отыр», деп жазды Мұхамеджан Оразбайұлы.
Ол жазба соңында ел сенімін ақтай алмаған Әміржан Қосановты да мысал еткен.
«Алла жүрегіміздегіні көріп тұр ғой. Жайлаған жемқорлық үшін емес жасай алмаған вариантымыз, орындалмаған қиялымыз үшін ренжіп жүрміз, көбіміз… Сондықтан да аузымыздың дуасы жоқ, күресіміздің берекесі жоқ. Жақсы ниетпен күресіп бастасақ та орта жолдан бұрылып кетеміз… Қосановқа ренжіп қайтеміз, «Жалт бергіш, қайта ойланғыш, көті айналғыш» (Абай) жұрт екеніміз әр ісімізден білініп, әр қадамымыздан көрініп жатыр ғой… Жемқорлық жаман, бірақ, адал боп көрініп өзіңді алдаған одан да жаман…
Кісі ақысын жемейтін, өзгенің ала жібін аттамайтын арлы адамдар біреуді ғайбаттап, кісінің етін жемейді, өсекке ілесіп жүрегін кірлетпейді, айғайға сүрен қосып, айналасын шаңдатпайды… Еңбегіне арқа сүйейді, заңға жүгінеді, ұл-қызын ұятты ғып тәрбиелейді, ақырын Алладан күтеді… Алла Тағала елімізді иманмен көркемдеп, әр ісі әділдікке құрылған, сөзіне ісі сай, ынтымаққа ұйысқан, ұрыс-керіс бәледен алыс жүретін берекелі қауымға айналдырғай!», – деп түйіндеді автор жазба соңын.