Қасым-Жомарт Тоқаев: Сайлау елдегі бүкіл саяси жүйені түбегейлі өзгертеді
Мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Президент биыл өзгерістер жылы болғанын айтып, кейінгі үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырғанын айтты, деп хабарлады Ақорда.
«Жалпы соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды. Сондықтан мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – президент, парламент, үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз. Осы бастамалар жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті», - делінген президент үндеуінде.
Президент бұл барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім екенін айтты.
«Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасында өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді», - деді мемлекет басшысы.
Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
«Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент сайлаудың отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізілетінін хабарлады.
«Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ президент қазақстандықтарға жасаған үндеуінде маусымда өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнағанын айтты.
«Мемлекет «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды», - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер президенттен парламентке берілді.
«Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады. Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді. Мен осы ережені жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – балаларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым. Конституциялық реформа – мен мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі. Осы бағдарлама аясында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын-ала ескерту тәртібі енгізілді», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді.
«Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламенттік оппозиция институты құрылды», - деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық деп танылмайтын болды, 174-бабы ізгілендірілді. Өлім жазасы жойылды.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ басқа да көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.