Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Марин Чилич, Станислас Вавринка пен Энди Маррей келе жатыр
1 – 9 қазан күндері елордада өтетін Astana Open ATP 500 турниріне «Үлкен дулыға» жарысының бес чемпионы қатысады.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, елімізде алғаш рет өтетін додада ең мықты ойыншылар өнер көрсетеді. ATP 500 сериясы бойынша өтетін турнирдің жеңімпазы қомақты жүлдеге қоса, 500 рейтингілік ұпайға ие болады.
Осыған дейін Азия құрлығында ATP 500 сериясы бойынша ірі жарыс Дубайда өткен еді. Енді Astana Open турнирімен бір мезгілде Rakuten Japan Open Tennis Championship болады.
Бұл турнирге «Үлкен дулыға» жарыстарының әр жылдары жеңімпазы болған әлемнің 1-ракеткасы Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Марин Чилич, Станислас Вавринка пен Энди Маррей қатысып, күш сынасады.
Сондай-ақ жұптық сында да «Үлкен дулыға» додасының бірнеше чемпионы кортқа шығады. Жанкүйерлер дүниежүзілік рейтингте көш бастаған Джо Солсбери, Раджив Рам, Нил Скупски, Уэсли Колхоф, Жан-Жульен Ройер, Марсело Аревалдоның өнерін тамашалай алады.