Мемлекет қант қызылшасын субсидиялау құнын арттырмақ

Динара Амантай

Егіс алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр

Фото: АШМ баспасөз қызметі

Келесі жылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасының құнын субсидиялау нормасын 15-тен 25 мың теңгеге дейін ұлғаюының арқасында 40 мың теңгені құрайтын болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, шаруашылықтардың қант қызылшасын өсіруге жұмсаған шығындары жыл сайын өсіп отыр және биыл 1 гектарға жұмсалған шығындар 900 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жеткен.

Қызылша өсірушілердің мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау жөніндегі өтініштерін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар нормаларын ұлғайтты. Осылайша шикізатты қабылдау құнын бұрынғы 30 мың теңгенің орнына 40 мың теңгеге жеткізді. Соның арқасында қант қызылшасының рентабельділігі жүгері, рапс және соя сияқты дақылдардың деңгейіне дейін теңестіріледі.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі мемлекет қызылша өсірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыратынын, қант саласын дамыту жөніндегі жоспар әзірленгенін атап өтті.

Қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауды ұлғайтуға келесі жылы шамамен 11,5 млрд теңге бюджет қаражатын бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бүгінде тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар құнының 50%, техника құнының 25% субсидияланады, бұл ретте субсидиялаудың жаңа қағидаларында техниканың рұқсат етілген ең жоғары құнының белгіленген лимиттерін өзектендіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды сатып алуға өтеу нормативін 50% дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың жаңа ережелері 2023 жылдан бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр, - деді Әбілқайыр Тамабек

Кездесуде шаруалар қант саласын дамыту перспективалары туралы өз пікірлерімен бөлісіп, түсімнің, яғни пайданың өсуіне тікелей ықпал ететін агротехнологияларды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аясында егіс алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.