×

«Тиімсіз болса, ұстаудың қажеті жоқ». Мемқызметкерлердің жұмысын бағалаудың жаңа әдісі әзірленіп жатыр

2023 жылдың соңында е-qyzmet жаңартылып іске қосылады

 Айнұр Шошаева 21.09.2022 | 13:20
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалаудың жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Human Capital Days» халықаралық форумында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда мемлекеттік құрылымда 88 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. 

«Барлық вакансия заңнамада жазылған конкурстық процедураларға сәйкес жоспарлы түрде толтырылып тұрады. Табиғи ауысым бар, яғни зейнетке шығатын немесе мемлекеттік қызметтегі мансабын аяқтап, жеке секторға кетіп жататын қызметшілер бар. Бұл бос жұмыс орны деп танылып, конкурс негізінде басқа адамдар жұмысқа алынады. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жетіспейді деп айта алмаймын. Барлық жұмыс процесі жүріп жатыр, бизнес процестер жолға қойылған. Сондықтан бос орын болса да, конкурс жарияланып, ол орындар толықтырылып, нарықтан сол функцияларды атқаруға дайын кәсіби мамандар алынады», – деді ректор.

Еске сала кетейік, Президент Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында мемлекеттік аппараттың сапасын жақсарту туралы айтқан болатын.

«Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс. Үкімет Агенттікпен бірлесіп бүкіл әлемдегі азаматтарымыздың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосуы керек», – деген еді Президент.

Ерлан Әбіл Қазақстанның мемлекеттік аппаратының сапасы жоғары деңгейде деген пікірде. 

«Мемлекеттік аппараттың қазіргі құрамы жоғары деңгейде деп айтуға болады. Бірақ әрбір ұйымда тиімді немесе тиімсіз қызметкерлер бар екені анық. Мемлекет басшысы осы тиімсіз немесе тиімділігі төмен мемлекеттік қызметшілерді анықтап, олардың орнына әлеуеті жоғары, мемлекетшіл, құндылықтары жақсы дамыған азаматтарды шақыру мақсат деп қойылды», – деп толықтырды Ерлан Әбіл. 

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде көзделіп отырған өзгерістерге тоқталып өтті. 

«Қазіргі күні е-qyzmet деген ақпараттық жүйе бар, бүгінде ол жаңғыртылып жатыр. 2023 жылдың аяғында ол платформа іске қосылады деп күтіліп отыр. Сондықтан ол платформаның мақсаты қазір жұмыс істеп жүргеп мемлекеттік қызметшілер мен оларды тиімді басқару, кадрлық процесстерді автоматтандыру, цифрландыру және нарықтағы мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін деген  адамдарды іріктеп, жұмысқа қабылдау. Бұл ақпараттық жүйе жетілдіру жұмыстары аяқталған соң, жоспар бойынша келесі жылдың аяғында қосылады», – деді ол. 

Бұған қоса, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қазір мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау әдістемесін өзгерту мәселесін талқылап жатыр. Бұрын аталған әдістеме мемлекеттік қызметшілерді жылына бір рет бағалауды көздейтін. 

«Агенттік бірнеше бастама ұсынып отыр. Соның бірі Парламентте қаралып жатыр. Ол бағалауды тоқсан сайын жүргізуді көздейді. Яғни қызметкердің бағасы екі тоқсан бойы тиімсіз болса, оын әрі қарай ұстаудың қажеті жоқ. Мұндай әдістеме мемлекеттік аппаратты тез жаңартуға және тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден арылуға мүмкіндік береді. Тиімділігі төмен мемлекеттік қызметшілерден құтылуға көмектесетін бірнеше бастамамыз бар. Бірақ оны жарияламас бұрын алдымен Үкімет пен Парламентте талқылап, тиісті заңдарға өзгеріс енгізілгенін күткен жөн деп есептеймін», – деп қорытындылады спикер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама