Ол үшін фото және видео түсіріп, мекеменің атауы мен мекенжайын көрсетсе болғаны
Оқу-ағарту министрлігі мектеп асханалары мен дәретханаларына мониторинг жүргізу акциясының екінші кезеңін бастады, деп хабарлайды Hаlyq Uni тілшісі.
Ведомствоға қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелерді бақылауға арналған «Балаға лайық» акциясының екінші кезеңі іске қосылды. Акция 20 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 20 желтоқсанға дейін жалғасады.
Кез келген адам мектеп асханалары мен әжетханаларын көркейтуге өз үлесін қоса алады. Ол үшін фото және видео түсіріп, мекеменің атауы мен мекенжайын көрсетсе болғаны. Жіберілген материалдар мектеп асханалары мен дәретханаларына қатысты шағымдарды, кемшіліктерді немесе үлгі ретінде көрсетуге болатын жағдайларды көрсете алады.
Акцияның екінші кезеңі аяқталған соң, бұзушылықтары бар материалдар келіп түскен ескертулерді жою үшін әкімдіктердің білім бөлімдеріне жіберіледі. Сонымен қатар үлгілі мектептер анықталып, ынталандырылады.
«Кемшіліктермен жұмыс» жүргізілгеннен кейін Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасына мектеп дәретханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» форматындағы фотолары мен видеолары жарияланады. Мектептер заңды түрде әкімдіктерге бағынады және мектептерді салу мен ұстауды қаржыландыру олардың құзырында екенін еске сала кетеміз. Осындай акцияны өткізу арқылы біз бірге балаларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Еске сала кетсек, мектеп асханалары мен дәретханаларға мониторинг жүргізу бойынша «Балаға лайық» республикалық акциясын осы жылдың көктемінде Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті іске қосқан болатын. Акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Оның бірінші кезеңінде 110 мектептің санитарлық-гигиеналық жағдайына қатысты 1 мыңнан астам шағым түскені туралы хабарлаған едік.