Биыл ведомствода 33 қызметкер жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзіне қарасты ведомствода пара алу дерегінің жиі тіркелуін штаттағы қызметкерлердің көп болуымен түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Бас прокуратураның жүргізген ресми статистикасы бойынша жемқорлықтың ең көп дерегі қаржы министрлігінде тіркеледі екен. Осыған қатысты пікір білдірсеңіз», - деді журналист Үкімет отырысынан шыққан Ерұлан Жамаубаевқа.
Ол бұл дерек ешкімге жақсылық әкелмейтінін атап өтті.
Біріншіден, бұл жөнінде тиісті ескертулер жасалды. Қазір барлық өңірмен жұмыс атқарылып жатыр. Әрине, бұл статистика ешкімге жақсылық әкелмейді. Бірақ айналып келгенде кешенді түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Екіншіден, жалпы әкімшілік қызметте істейтін министрліктердің ішінде біздің министрлік ең үлкені яғни құқық қорғау органдарын алмайтын болсақ. Қаржы министрлігіның қызметкерлері бүкіл мемлекет қызметкерлерінің 25%-ын құрайды. Сол статисканы адам басына шағып қарасаңыздар, біз бірінші орында тұрамыз, - деді Қаржы министрі.
Айта кетсек, бұған дейін жемқорлық жайлаған министрліктердің тізімі жасалған еді.