Тоқаев 2023 жылы «Болашақ саммитін» өткізу туралы бастаманы қолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының соңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Конструктивті және достық жағдайында өткен кездесуде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Сондай-ақ кездесуде қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін шешудің ұжымдық әдістерін әзірлеуге бағытталған күш-жігерге ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметіне жақсы баға беріп, оның 2023 жылы «Болашақ саммитін» шақыру туралы бастамасын толық қолдайтынын жеткізді. Президент осы маңызды жиынның қорытындысы Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Бұдан басқа, тараптар мемлекет басшысының Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ хабын құру бастамасының жүзеге асырылу барысын қарастырды. БҰҰ Бас хатшысы бұл маңызды бастаманы қолдайтынын айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.