«4 адам қаза тапты»: Шатыркөл кен орнынан келе жатқан дәрігерлер жол апатына түсті
Жол апатынан екі жүргізуші мен автобустың екі жолаушысы көз жұмды
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы маңында жол апаты болып, 4 адам қаза тапты. 8 адамның жағдайы ауыр. Біреуінің өмірі қыл үстінде. Қазір зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Приозерск қаласынан 3 науқас санавиация бортымен Қарағанды қаласындағы Мақажанов атындағы клиникаға жөнелтіледі. Балқашта 5 науқастың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған төртеуінің жағдайы қалыпты ауыр. Қазіргі уақытта бүкіл науқастарға толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде, -дейді Қарағанды облысы Балқаш қалалық орталық ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.
Жантүршігерлік көлік апаты Алматы-Екатеринбург тас жолында Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде болған. Алдын ала болжам бойынша, жүк көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Салдарынан екі жүргізуші мен автобустың екі жолаушысы көз жұмды. Автобустағы жолаушылардың барлығы - Жезқазған медицина орталығының дәрігерлері. Қаза тапқан 3 адам «Қазақмыс» компаниясының қызметкері. Олар Балқаш маңындағы Шатыркөл кен орнының жұмысшыларын медициналық тексеруден өткізіп келе жатқан.
Жол апаты салдарынан екі автокөліктің жүргізушісі мен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақатынан оқиға орнында қаза тапса, автобустың тағы бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Оқиға кезінде автобуста 11 адам болған. Аталған факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады, - дейді Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.