Теңіз жағалауындағы қамыс өрті 14 қыркүйекте сағат 20:40 шамасында басталған
Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында тұтанған қамыс өрті бір аптадан бері сөнбей тұр. Қазір қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы хабарлады.
Департаменттен мәлім еткендей, теңіз жағалауындағы қамыс өрті 14 қыркүйекте сағат 20:40 шамасында басталған.
«Бүгін 20 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 08:57-де қамыстың әлі өртеніп жатқаны тіркелді. Атырау қаласының маңындағы Кеңөзек ауылдық округіне қарайтын Алғабас ауылынан Каспий теңізіне қарай 40 шақырым қашықтықта өрт болып жатыр. Қамыс өртінен елді мекендерге қауіп те, одан зардап шеккендер де жоқ. Өрттің аумағы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің елді мекендерге таралуын болдырмау үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылған.