Сотталушы жол тәртібін бұзған жүргізушілерді әкімшілік жауапкершіліктен босатқан
Ақтөбеде пара алған патрульдік полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, Ж. есімді аға инспектор 2022 жылғы 18 сәуір мен 27 маусым аралығында 46 мың теңге көлемінде жүргізушілерден бірнеше рет пара алған.
Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды. Прокурор полицейді 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотта тәртіп сақшысы өз кінәсін толық мойындады. Судья полиция қызметкері кінәсін мойындағанын, өкінгенін, сондай-ақ 5 кішкентай баласы мен қарт анасының бар екенін ескеріп, 1 млн 610 мың теңге айыппұл салуға үкім шығарды әрі сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды, – деді Гүлжанар Отарбаева.