БҚО-да есірткі қолданған жүргізуші жүк көлігімен 3 оқушыны қағып кетті

Динара Амантай

Медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша жүргізуші марихуананың әсерінде болған

Фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында есірткінің әсерінен масаң күйге түскен жүргізуші жүк көлігімен үш баланы қағып кетті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 тамыз күні сағат 14:10 шамасында ГАЗ-53 автокөлігін тізгіндеген 32 жастағы жүргізуші №30 мектепке қарама-қарсы аялдамада тұрған 3 оқушыны қағып кеткен. Жол апаты салдарынан 2009, 2010, 2011 жылғы кәмелетке толмаған балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша жүргізуші каннабиноидтарды (марихуананы) пайдаланған. Соның әсерінен масаң күйге түскен.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігі («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.