Баянауылда сілеусін мен елік атып жүрген «сәлафиттер» ұсталды
Олар мемлекетке 21 млн теңге залал келтірген
Павлодар облысында сілеусін мен елікті заңсыз аулаған деструктивті діни ағым өкілдеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс биыл 2 қаңтарда Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округінің аумағында жасалған. Күдіктілер сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулағаны үшін ұсталды. Олардан 2 сілеусін терісі мен елік еті тәркіленген.
Тергеу барысында күдіктілердің псевдосалафизм өкілдері екені анықталды.
Баянауыл аудандық сотының үкімімен Павлодар қаласының 2 тұрғыны Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі 2 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Олар 6 жыл аң аулау құқығынан айырылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды әрі мылтықтары тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ сотталушылар мемлекетке 21 млн теңге көлеміндегі залалды төлеуге міндетті.