«Қазақстандықтар» деген қылмыстық топтың жетекшілері қолға түсті
Алматы қаласында және Алматы облысында бұрынғы спортшылар мен бұрын сотталған адамдардан тұратын «Қазақстандықтар» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды.
Топтың ұсталған 6 мүшесінің Алматы өңірі аумағындағы көптеген қылмысқа (қорқытып алу, қарақшылық, озбырлық, бұзақылық, кәсіпкерлерге криминалдық қамқорлық, мал ұрлығы) қатысы бары анықталды.
«Күдіктілерді ұстау және тұрғылықты жерін тінту барысында 4 атыс қаруы, 177 оқ-дәрі, 7 граната, арнайы құралдар, сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде мародерлікке қатысқандарын растайтын заттар (радиостанциялар, «ПР» дубинкалары, броньды кеудеше) тәркіленді», - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Ұсталғандар ҚАЖД 8-ТИ және ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеу изоляторларына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3 және 4-бөліктері (Атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Топ мүшелері ҰҚТ мүшелеріне тиесілі қаруы бар «көмбелерді» көрсеткен. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында екі «көмбе» анықталып, олардан 44 бірлік атыс қаруы және 3 бірлік суық қару, сондай-ақ 20 бірлік оқ-дәрілер тәркіленген.