Елде 2 млн 253 мың зейнеткер бар
Биыл 8 айда қазақстандықтарға 1,9 трлн теңге зейнетақы төленді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2022 жылғы тамызда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне – 244,1 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 169,9 млрд теңге бөлінген.
Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескергенде) – 109 224 теңге. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескеріп, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.
Қазақстандықтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ ол мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ына тең болады. Кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады.
Мысалы, сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74 %-ын, ал 30 жыл болса, онда 94 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді, - деп жазылған хабарламада.
Егер бір айда міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.