Түркістан облысында бөлім басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды
Адами әлеуетті дамыту бөлімі – аймақтағы білім саласына жауап беретін мекеме
Түркістан облысы Шарадара ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы үйқамаққа алынды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Ақшагүл Бердалиева пара алды деген күдікпен 23 шілдеде ұсталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті тергеушісінің өтінішхаты қаралып, күдікті Бердалиеваға 2 ай мерзімге – 2022 жылдың 21 қыркүйегіне дейін үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасына санкция берілген», - делінген ақпаратта.
Соттың хабарлауынша, «Шардара ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақшагүл Бердалиева жеке бас пайдасы үшін ақша табу мақсатында 1,5 миллион теңге пара алған.
Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысына сәйкес, Бердалиеваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы 21 қазанға дейін ұзартылды.
Айта кетейік, адами әлеуетті дамыту бөлімі – аймақтағы білім саласына жауап беретін мекеме.
Ақшагүл Бердалиева 57 жаста, «Алтынсарин төсбелгісінің иегері».