Бұл менің жеке пікірім және жеке ерікті ойым, дейді министр
Әділет министрі елорданың қайта Астана деп аталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.
2019 жылы Әділет министрі Қанат Мусин Nur Otan билеуші партиясының депутаты болған еді. Сол кезде ол Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдап дауыс берген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрден «бұл әрекетіңіз үшін ұялмайсыз ба?» деген сауал қойды
Осы тұста орталық коммуникациялар қызметінің модераторы сөзге араласып, бұл мәселе министрің жеке мәселесі екенін айтып, кедергі келтірген. Алайда бұған қарамастан Қанат Мусин тілшінің сұрағына жауап берді.
«Егер сіздің сұрағыңыз Президент жолдауына және оның іске асырылуына қатысты болса, мен жауап берейін. Негізінде менің көзқарасым туралы және депутат ретіндегі қызметім туралы сұрақтар бүгінгі әңгіме тақырыбына қатысты емес болатын. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бұл менің жеке пікірім және жеке ерікті ойым. Сондықтан мәселе жауап беруге келмейді, себебі ол маған ғана қатысты дүние», – деді Қанат Мусин.
Еске салайық, 17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң мен Астана атауын қайтару жайлы жарлыққа қол қойған еді.