Астанадағы саябақтардың бірі ІІ Елизаветаның атымен аталады

Дастан Жұмабекұлы

Корольдің отбасы ел басшылығы мен халқына игі тілегі мен ризашылықтарын жеткізді

фото: ашық дереккөз

Астананың Орталық саябағындағы алаңдардың біріне Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның есімі беріледі.

Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

18 қыркүйекте Мәулен Әшімбаев Вестминстер холлында патшайыммен қоштасу рәсіміне қатысып, көңіл айту ресми кітабына Қазақстан Республикасы атынан жазба қалдырды. Сол күні Сенат төрағасы Букингем сарайында Король III Чарльздың атынан Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің мемлекет, үкімет, халықаралық ұйымдар басшылары мен корольдік отбасы мүшелерінің құрметіне арналған аза тұту рәсіміне қатысты.

Король ІІІ Чарльзбен әңгіме кезінде мемлекет басшысының атынан көңіл білдірген Сенат төрағасы ел президентінің шешімі бойынша таяу арада Астананың орталық саябағы алаңдарының біріне ІІ Елизавета патшайымның есімі берілетінін айтты. Ұлыбритания монархы 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын жылы шыраймен еске алып, марқұмға деген осындай жақсы қарым-қатынасы мен ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, республика басшылығы мен халқына игі тілегі мен ризашылықтарын жеткізді, –  делінген хабарламада.

Қазақстандық делегация 19 қыркүйекте Вестминстер аббаттығында өткен II Елизавета патшайымды жерлеу рәсіміне қатысты. Біздің ел делегациясының құрамында сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да болды. Рәсімге 2000-ға жуық мейман қатысты. Олардың қатарында корольдік отбасының мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, дипломаттар мен қоғам өкілдері бар.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІІ Чарльзге көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан корольдің, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ ел президенті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.