Алматы әуежайында Қытай азаматы ұсталды
Алтынның бағасы шамамен 84 млн теңгеден асады
Алматы әуежайында Дубайға 3 кг алтын апарғысы келген Қытай азаматы ұсталды.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік жөніндегі бөлімшелері Алматы қаласының халықаралық әуежайынан полицияның шенеунігіне пара беріп, Біріккен Араб Әмірліктеріне бағалы металдарды заңсыз әкеткісі келген қылмыстық топты ұстады. Олар Көліктегі полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне кедендік және шекаралық бақылау аймағы арқылы «сәлемдемені» алып өтуі үшін 600 АҚШ долларын пара беріп жатқан кезде ұсталды. Тексеру кезінде 1200 АҚШ доллары тәркіленді.
«Жедел-іздестіру кезінде әуежай ғимаратында Қытайдың азаматы ұсталды. Күдіктінің сыбайласы алтынды ұшақ арқылы Алматыдан Дубайға жеткізетін болған. Полиция қызметкерлері оның сумкасынан 3 кг 200 грамм болатын алтын құймаларын тапты. Алтынның бағасы шамамен 84 млн теңгеден асады.
Тергеу сотының санкциясымен бір күдіктінің Алматыдағы коттеджінде тінту болды. Онда құймалардағы алтын мен металдың мөлшерін анықтайтын электрондық таразы мен арнайы құрылғылар тәркіленді.
Қазір күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамау туралы мәселе шешілуде. Тергеу қымбат металдың шығу көзін және қылмыстық топтың басқа да сыбайластарын анықтайды.