Қазақстанда электронды пошта арқылы жалған хабарлама тарату дерегі көбейіп кеткен
Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Разуев биыл терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қанша адам сотталғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2022 жылғы 8 айда сотқа 14 қылмыстық іс жолданды. 13 адамға сот үкімі шығарылды. Олардың жетеуі бас бостандығынан айырылды, ал 4 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 1 адамға қатысты мәжбүрлі медициналық шара қабылданды.Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткім келеді, - деді Дархан Разуев.
Ол мұндай қылмыстарды ашу үшін ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, арайы топ құрғанын атап өтті.
«Интернет арқылы жасалған қылмыстарды ашу үшін ұзақ уақыт керек. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қылмыстар ашылып, кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мысалы, Ақтөбе облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп, интернет арқылы бомба туралы жалған ақпарат таратқан БҚО-ның кәмелетке толмаған тұрғынын анықтады. Ақмола облысында 5-сынып оқушысы ұсталды. Ол Павлодар облысының сот ғимараттарында жарылғыш зат бар деп электронды пошта арқылы жалған хабарлама таратқан. Бұл деректерге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр», - деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ еліміздің бірнеше өңіріндегі әртүрлі 11 объектіде жарылғыш заттар бар деп интернет арқылы жалған ақпарат таратқан қостанайлық жас жігіт 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.