×

Қазақстан әлем чемпионатында үш жүлдені қанағат тұтты

Отандастарымыз 1998 жылдан бері әлі алтын медаль алған жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 19.09.2022 | 09:48
фото: olympic.kz

Сербияның астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен ересектер арасындағы кезекті әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.

Бұл дүрмекті додада Қазақстан құрамасы бір күміс, екі қола медаль алды. Әлем чемпионатына жер-жүзініңмықты деген балуандары бас қосып, бірнеше салмақта сынға түсті.

Өкінішке қарай, бұл жолы да алтын жүлдеге қол жетпеді.

Сербияда ел қоржынына күміс жүлдені әйелдер арасында 72 кг салмақта күрескен Жәмила Бақбергенова алса, екі қола медальді Айдос Сұлтанғали (грек-рим күресі, 60 кг) мен Азамат Дәулетбеков (еркін күрес, 86 кг) иеленді.

Белгілі журналист Мұсағали Тасқалиевтің айтуынша, әзірге осы жүлделерді қанағат ете тұрамыз. Ұлттық құрама команданың жаттықтырушылары кемшіліктерден қорытынды шығарып, келесі чемпионатқа дайындықты бүгіннен бастап кетсе, мүмкін келесі жылы алтын жүлде қоржынға түсер.

2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында UWW президенті Ненад Лаловичпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді. Біріккен күрес әлемінің басшысы біздің елімізде ұйымдастырылған әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өткендігін айта келіп, алдағы уақытта Қазақстан құрамасы міндетті түрде алтын жүлдеге қол жеткізеді деп қуантып еді. Бірақ сол қуанышты күн әлі келер емес, –  деді ол.

Күрес түрлерінен ересектер арасындағы келесі әлем чемпионаты Ресейдің Красноярск қаласында өтуі тиіс болған. Биылғы әлемдік додаға Ресей балуандары Батыс елдерінің санкцияларына байланысты қатысқан жоқ. Сондықтан әзірге оның қай жерде болатыны белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама