Halyq Uni логотип
×

«Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафон-бәйгесі басталды

Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады

 Ая Өміртай 17.09.2022 | 16:00
«Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафон-бәйгесі басталды
фото: Halyq Uni

«AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесі басталды. Енді 100-ден аса шабандоз Қазақстанның киелі жерлерін аралап, елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты басып өтпек.

Бүгін AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафонының басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты. Іс-шараны ашқан ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Сондай-ақ марафонға қатысушыларға арнаған сөзінде партия төрағасы AMANAT-тың алдағы уақытта да ат спорты түрлері мен басқа да ұлттық спорт бағыттарын насихаттауға және дамытуға атсалысатынын атап өтті.

Президентіміздің бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Біз Әділетті Қазақстанға бастайтын жолдың бастауында тұрмыз. Бүгінгі жорықтың осындай тарихи кезеңмен тұспа-тұс келуінің үлкен символикалық мәні бар деп есептеймін. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар. Сол кең байтақ жерді кесіп өту – жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін және аттың аты ғана шыдайтын ұзақ жол. Сондықтан жортқанда жолдарыңыз болсын! – деді Ерлан Қошанов.

Шараның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, қала әкімі Алтай Көлгінов, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері де қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады.

18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Оған еліміздің әрбір өңірінен 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі – Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 миллион теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Ал 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 миллион және 15 миллион теңге жүлдені қанжығаға байлайды.

Жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орны, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Марафон-бәйгені AMANAT партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама