«Нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналады!» - Президент «Ұлы дала жорығының» қатысушыларын құттықтады
Адамзат тарихында жылқының ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі
Елорданың «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі басталды.
Марафонның ашылу салтанатында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті қауым! Сіздерді «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқының ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл әлемдік өркениетке теңдессіз бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің бабаларымыз ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған, бүгінгі ұрпақ – сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері, - деп жазылған президент құттықтауында.
Сондай-ақ мемлекет басшысы қазақ пен жылқы егіз ұғым екенін айтып, арғымақты халқымыздың символы деуге болатынын жеткізді.
Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін. Баршаңызға сәт-сапар тілеймін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, елімізде алғаш рет өткізіліп отырған «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесіне марафоншылар ертең Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, Ұлы даланың бойымен 12 күнде 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтіп, 29 қыркүйекте Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреуі керек.