×

«Дәрігерлер үшін қиындық тудырды». Астанада жүкті әйелдің миындағы үлкен ісік алынды

Күрделі операция пациентке тегін, яғни МӘМС шеңберіндегі квота бойынша жасалды

 Дәурен Ерболат 16.09.2022 | 17:42
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Елордада дәрігерлер 32 жастағы жүкті әйелдің ми ісігіне күрделі ота жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жағдайы күрт нашарлаған әйел жәдел жәрдем көлігімен №2 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіліп, оған МРТ жасалды. Тексеріс барысында 32 жастағы жүкті әйелде ми ісігі анықталды

Кейін науқас Ұлттық нейрохирургия орталығы Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесіне жатқызылған. Бұл уақытта әйел жүктіліктің 26-аптасында болған.

Дәрігерлер оған «Клиникалық декомпенсация, ішкі окклюзиялық гидроцефалия кезеңіндегі ми қысымымен сол жақтағы көпір-мишық бұрышының ісігі» деген диагноз қойды.

Біз науқасқа шұғыл операция жасадық. Көлемі 5*5,5 см болатын үлкен ісік миды қыса бастаған. Салдарынан науқастың көру қабілеті нашарлаған әрі әрең жүрген. Ісік ми бағанасында орналасқан. Бұл дәрігерлер үшін қиындық тудырды. Бұл – жағдайда миға зақым келтірмеу өте маңызды, - деді нейрохирург Мұратбек Тілеубергенов.

Операция 5 сағатқа созылған және сәтті жасалған. Шұғыл операция құрамында тәжірибелі анестезиолог, нейрофизиолог, трансфузиолог дәрігерлер болған.

Маған күрделі ота жасаған дәрігерлерге алғысымды айтамын. Құдайға шүкір, көру қабілетім қалпына келе бастады, аздап жүретін болдым. Мені және баламды құтқарған адамдарға тек рақмет айтамын, - деді науқас.

Күрделі операция пациентке тегін, яғни МӘМС шеңберіндегі квота бойынша жасалды.

Ұлттық нейрохирургия орталығының мәліметінше, бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ол өзін жақсы сезінеді. Сондай-ақ орталықтағы дәрігерлер ана мен баланың өміріне ешқандай қауіп жоғын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама