Президент ШЫҰ-на сауда-саттықтың қысқа жолдарын ұсынды

Дастан Жұмабекұлы

Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» дәліздерін дамытуды қолдайды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі.

Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамы тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын, осының өзі ұйымның халықаралық беделі мен ықпалының өсіп келе жатқанының айқын дәлелдейтінін атап өтті.

«Бүгінде әлем санкциялық қысым әдістері, негізгі жаһандық мәселелерді шешуде кереғар тәсілдер алдыңғы қатарға шыққан күрделі халықаралық жағдайдың шиеленіскен қауіпті кезеңіне қадам басты.

Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның басты ерекшелігіне айналды.

Осындай жағдайларда өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту аса маңызды», – деді ол.

Одан әрі мемлекет басшысы ұйымға мүше елдердің алдында ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану міндеті тұрғанын, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келетінін айтты.

«Ұйым қызметін одан әрі жетілдіріп, ШЫҰ кеңістігінде және одан тыс жерлерде негізгі үрдістерді болжау ісін күшейту маңызды.

ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау», –  деді президент.

Президент ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала беретінін, бұрын кездейсоқ қабылданған құжаттарды іске асыру одан әрі жалғасатынын айтып, қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынды.

«Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды рөл атқара алады.

Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау инфрақұрылымын құру үшін киберқылмыспен күрес мәселелерінің өзектілігі арта түседі», –  деп атап өтті.

Кездесуде Тоқаев ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыруды да ұсынды.

Оның айтуынша, ұйым адами, ресурстық және технологиялық әлеуеті бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан экономикасын біріктіреді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірі болып отыр. Яғни 23 триллион доллардан асады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар.

«Мен жоғарыда айтқандай, біздің ұйымның идеялық және институционалдық негіздерінде кереғарлық пен блоктарға бөлінушілік жоқ. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. Соның арқасында ұйым ең табысты бірлестікке айналды.

Сондықтан ШЫҰ үдерісіне қатысатын елдердің географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді.

Бұл – ұйымның жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. Менің пікірімше, ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым.

Біз тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызметтер мен технологиялардың еркін айналымына кезең-кезеңмен көшу үшін ШЫҰ-дағы экономикалық ынтымақтастықты түрлі формада дамытуды қолдаймыз.

Ұйым кеңістігіндегі өсімнің қозғаушы күші - ШЫҰ аясында ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыру.

Біздің алдымызда ұйымның жобалық қызметін тиісті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі тұр.

Ол үшін бізде барлық қажетті экономикалық тетіктер, әзірленген стратегиялар, өзара іс-қимылдың егжей-тегжейлі бағдарламалары мен жоспарлары бар. Енді соларды жүзеге асыру ғана қалады», –  деді президент.

Мемлекет басшысы саммитте сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары саналатын транзиттік-көлік секторы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталды.

Оның айтуынша, ШЫҰ елдерінің тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту жөніндегі Ынтымақтастық тұжырымдамасының қабылдануы өзара логистикалық байланысты жақсартудағы маңызды жетістік болды.

Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр.

Осыған орай, президент ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануды ұсынды.

«Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне шығатын ең қысқа «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор.

Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы транзиттік-көлік ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді.

Өңіріміздегі елдердің өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған перспективті жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз.

Біз Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарын кеңейту, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» трансеуразиялық дәліздерін дамыту жөніндегі іс-әрекеттерді қолдаймыз.

Жалпы, біз жаңа мультимодальды көлік дәліздері мен логистикалық орталықтар ашуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды құптаймыз», –  деп атап көрсетті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне де арнайы атап өтті.

«ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер.

Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек.

Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.

Сондай-ақ су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажет.

ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Біз сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды өзекті деп санаймыз», – деді ол.

Саммитте қорытынды сөзінде мемлекет басшысы ШЫҰ-ға зор үміт артатынын, ұйым аясындағы көпқырлы және табысты ынтымақтастығымыз мемлекеттеріміздің дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.