×

Алғысөзін Мұхтар Мағауин жазған жас қаламгерлердің әңгімелер антологиясының таныстырылымы өтті

Кітап «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді

 Наима Нұрәлі 16.09.2022 | 14:57
Бақытбек Қыдыр, жазушы

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Дауыс» деген атаумен әңгімелер антологиясының таныстырылымы өтті. «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жарыққа шыққан туындыға жас жазушылардың үздік шығармалары топтастырылған.

«Дауыс» – Бақытбек Қадыр, Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахмет секілді жас жазушылардың бастамасымен құрастырылған жинақ.

«Жастардың дауысы. Елімізде ең маңыздысы – дауыс қой. Әділетті сайлау арқылы орнайды. Саяси да мағынасы бар. Елдің атын ақындар шығармайды. Өйткені олардың туындыларын аудару қиын. Прозаиктердің үлесі жоғары. Бұл кітаптың жарыққа шығуына 2 миллиондай қаражат жұмсалды. Өзіміз шығаруға қалтамыз көтермейді. Сондықтан қазақ әдебиетінің жанашырларынан қолдау сұрадық. «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорына алғыс білдіреміз. Тәуелсіздік жылдары жазылған әңгімелер топтастырылды», - дейді жазушы Бақытбек Қадыр.

Кітап AQ кітапхана сериясымен шықты, таралымы 1000 дана. Жинаққа алғысөз жазған атақты жазушы Мұхтар Мағауин Америкадан жастарды «қаламмен ұлттық мұратқа қызмет етуге» үндеп, ақ батасын беріпті.

«60 жылдары жас жазушылардың бұрқырап шыққаны есімізде. Сол кезде жас жазушылардың әңгімелер жинағына Мұхтар Әуезов ақ батасын берген еді. Енді жарты ғасырға жуық уақыттан кейін дәстүр жалғасын тауыпты. Мұхтар Мағауин ағамыз Америкадан жастарға жылы лебізін білдірді. Алғысөзінде қазақ әдебиетінің болашағы айтылған. Соған қуандым. Өмір бойы публицистикамен айналыссам да, жастардың бір шоғыры қазақ әдебиетіне келіп, кітап шығарып жатқаны қуантады. Антологиядан шәкірттерімнің туындыларын көріп, марқайып қалдым. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ әдебиеті тоқырауға ұшырағаны рас. Тоқыраудан шығуға осы жас жазушыларымыз үлкен үлес қосады деп ойлаймын», - деді кітаптың таныстырылымына қатысқан публицист Шархан Қазығұл.

Жазушы Әлішер Рахат жинаққа «Үздіксіз әуез» атты әңгімесі енгенін айтты. 

«Жалпы елімізде жазушыларды қолдау жақсы деп айта алмаймын. Бірақ қолдаудың болуы міндетті де емес. Бізге белгілі бір жүйе керек. Әдеби агенттіктер, баспалармен жұмыс істейтін өз ісінің мамандары қажет. Сондай-ақ қазақстандық кітаптарға жеңілдіктер қарастырылса дейміз. Өйткені кітап дүкендерінің салығы бар. Соған байланысты кітаптарымызды отандық нарыққа шығарудың өзі оңайға соқпайды. Осы жағынан мемлекет қолдау болса, жас жазушыларға бағытталған көмек деп есептейміз. Менің «Үздіксіз әуез» атты әңгімем жинаққа енді. Ол өздерінің жақын достарының арасына сыймай, намазын қаза қылып, жаман жолға түсіп кеткен қыз жайында. Толығырақ кітаптан оқи жатарсыздар», - дейді жазушы, драматург Әлішер Рахат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама