Қолданысқа 2019 жылы берілуі керек болған
Павлодар облысының Ақсу қаласында құны 12 млрд теңгеге жуықтайтын жылу қазандығы биыл да іске қосылмайтын болды. Себебі жобада жіберілген қателіктен тағы да қажетті құрал жабдықтар жетпей қалған. Оны көрші елден тапсырыспен ғана алдыруға болады екен.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, бұл нысанның құрылысы осыдан 5 жыл бұрын басталған. Жобасында қажетті жабдықтары дұрыс көрсетілмегендіктен әлі іске қосылмай тұр. Әйтпесе қолданысқа 2019 жылы берілуі керек болған.
Бұл қазандыққа біресе көмір жетпей қалады, біресе күл үйіндісін шығаратын жабдық жоқ. Сондықтан қазандық биыл да іске қосылмай қалуы мүмкін. Ал нысанды уақытылы пайдаланылуға бермеген мердігерді жауапкершілікке тарту керек, - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Ал жылу қазандығына жауапты мамандар оны бір ғана қондырғының жоқтығынан іске қоса алмай отырғандарын айтып ақталды.
Көмір жанғаннан кейін шығатын күлді ұсақтау үшін 6 қазаншаға 6 агрегаттың құны төленген. Ол 10 қарашада келеді. Соны орнына қойғаннан кейін әрі қарай сынақ жұмыстарын жалғастырып, сосын ғана қазанша дайын болады, - дейді бас сарапшы Дүйсенбай Дүйсенов.
Осылайша әрі тарт та бері тартқа салып жүргенде, 50 мыңға жуық халқы бар шағын шаһар биыл да жылуға жарымайтынға ұқсайды. Себебі зауыттағы қазандықтардың әбден тозығы жеткен.