Жамаубаевтың жекешелендіру жұмысына көңілі толмайды
Жыл соңына дейін тағы 199 нысан сатылымға шығарылады
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына қатысты жиналыс өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оған мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, 2025 жылға дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы 675 нысан жекешелендірілуі тиіс.
Оның жетеуі республикалық, 250-і коммуналдық, 262-сі ұлттық холдингтер мен компаниялардың және 156-сы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) меншігінде, - деді министрдің орынбасары.
Жыл басынан бері 57 млрд теңге болатын 240 объект сатылған.
Сондай-ақ 65 нысан сатылымға шығарылған әрі 36 объект қайта ұйымдастырылады немесе таратылады. Жыл соңына дейін тағы 199 нысан сатылымға шығарылады деп жоспарланып отыр.
Министрдің орынбасары 40 нысанның 14-інің сату мерзімі әлі белгіленбегенін жеткізді. Бұл Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласындағы коммуналдық меншік объектілері.
Жиналыста Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны баяу екенін атап өтті. Ол бір апта ішінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне объектілерді іске асыру мерзімдерін белгілеуді және орындауды тапсырды.