28 жастағы тұрғын сот шешімімен үйқамаққа алынды
Әлеуметтік желіде Таразда жас жұбайлар отырған көліктің бірінен шыққан адамның аспанға бірнеше рет оқ атқаны түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары қару ұстаған адамды полиция қызметкері деп топшылады.
Сондай-ақ тәртіп сақшыларының әр оғы есептеулі екенін айтып, қару Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған болуы мүмкін екенін жеткізді.
Жамбыл облысы полиция департаменті видеоға және желідегі болжамдарға қатысты пікір білдірді.
Полицияның хабарлауынша, түнгі сағат 12 шамасында оқ атқан азамат полиция қызметкері емес. Ол – қаланың 28 жастағы жұмыссыз тұрғыны.
«Бұл дерек бойынша Жамбыл облысы полиция департаменті кылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Тергеу барысында оқ атқан азаматтың Тараз қаласының тұрғыны екендігі анықталып, оның полиция қызметкері емес екені және бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істемегені белгілі болды», - деді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Оның қолында «Сайга» маркалы аңшы мылтығы болған.
Полиция бұл қарудың Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны туралы болжамды да жоққа шығарды.
Қала тұрғыны мылтықты бұған дейін сатып алып, өз атына тіркеген. Былтыр маусымда қаруды өзімен бірге алып жүруге рұқсат алған.
Қазір қару тәркіленіп, сот сараптамасы тағайындалды. Күдікті сот шешімімен үйқамаққа алынды.