Аймақ басшысы ауыз су мәселесін жыл соңына дейін шешуге тырысатынын айтты
Бейсенбі күні Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы Зеленое ауылы халқының ауыз су талап етіп облыс әкіміне жолдаған видео үндеуін жариялады. Үндеу жарияланғаннан кейін үш күн өткен соң БҚО әкімі Ғали Есқалиев ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni порталының өңірдегі тілшісі.
Облыс орталығы Орал қаласымен қосылып жатқан Мичурин ауылы мен Зеленое ауылын Шаған өзені ғана бөліп тұр. Қаланың дәл іргесіндегі ауылға келген БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің жанында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов, Мичурин ауылының әкімі Максим Мусалимов, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары болды.
Тұрғындар ауыл шетіне жиналып тұрды. Бәрінің атынан ауыл тұрғыны Тілеген Жұматов бастап сөйледі. Облыс әкіміне жол, интернет, қоқыс шығару сияқты басқа да мәселелер барын, бірақ ең басты мәселе ауыз су екенін айтты.
Мәселенің бәрін бірден шешіңдер демейміз. Сонша айқайлап жатқан жоқпыз, осынша жыл шыдап келдік. Дауысымызды қаттырақ көтеруге тура келді. Бірнеше жыл бойы айтып келеміз, еститін уақыт болған сияқты, – деді Тілеген Жақияұлы.
Одан кейін су таситын көліктің жүргізушісі, аудан мен ауыл басшылары кезек-кезек сөйледі.
«Негізі айтып отырғаныңыз дұрыс. Қаланың қасында жатқан ауыл. Әрине орталықтандырылған су болу керек. Біздікілер айтқан болар – ПСД жасалынды. Амандық болса биыл жұмыстарды бастап кетеміз. Жылдың аяғына дейін бітіруге тырысамыз. Сондықтан сәл күте тұрыңыздар», – деді бәрін тыңдап шыққан облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Ауыл тұрғындары құрғақ уәдеден шаршағанын, мұндай уәделер бұған дейін де берілгенін айтып тарқасты.
Зеленое ауылында ешқашан орталықтандырылған ауыз су болмаған. Ауыз су көлікпен тасымалданып, литрі 1 теңгеден сатылады. Әкімдік су таситын көлікке бензин бөледі. Тозығы жеткен ескі көлік жиі бұзылып, қаңтар айында ауыл сумен бір рет қана қамтылған. Күші жететіндер Шаған өзенін ойып, су алып ішеді. Шамасы жетпегендер қар суын ерітіп ішіп отыр.
Нұрлыбек Рахманов, БҚО