Шымкентте қарамағындағы қызметкерге бағалы сыйлық алдыртқан полицейге сот үкімі шықты

Назерке Еркінбекқызы

Полицей әріптесіне 3 миллион теңгеден астам сомаға бағалы заттар алдырған

Halyq Uni

Шымкентте қарамағындағы қызметкерге аса ірі сомаға бағалы заттар алдыртқан полицейге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша іс қозғалған.

Іс Әл-фараби аудандық сотында қаралды.

Сот процесі кезінде сотталушы Шымкент полиция департаменті жол-патрульдік полкінің командирі және жергілікті полиция қызметі бастығы лауазымын атқарған кезде өзінің қарамағындағы полиция инспекторына бағалы заттар алдыртқаны анықталды.

Мүліктің жалпы сомасы – 3 194 305 теңге. Полицей 2019 жылдың қазаны мен мен 2021 жылдың қыркүйегі аралығында лауазым өкiлетін асыра пайдаланып, жиһаз, ұялы телефон, қол сағаты, иіс суы, тұрмыстық заттар алдырған.

Сотталушының кінәсі дәлелденеді.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Қорғау тарапы прокурордың пікірімен келіспей, сотталушыға қатысты ақтау үкімін қабылдауды сұрады.

Судья жаза тағайындағанда сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді.

Ал айыптау актісінде ауырлататын жағдай ретінде мемлекеттік қызметшінің берген кәсіби антын бұзып, қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны көрсетілген.

Сот шешімімен сотталушыға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Ер адам жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.