Air Astana Украинаға рейстерді тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ
Әуекомпания өкілдері кестедегі өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар ететінін жеткізді
Air Astana әуекомпаниясы Украинаға рейстерді тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы әуекомпанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Әуетасымалдаушы Алматы - Киев - Алматы бағыты бойынша дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері, сондай-ақ Нұр - Сұлтан - Киев - Нұр - Сұлтан бағыты бойынша бейсенбіде тұрақты рейстерді орындауды жалғастырады.
Сақтандыру компаниялары тарапынан қандай да бір шектеу жоқ. Air Astana Украинадағы жағдайды мұқият бақылап, ұшу қауіпсіздігі тәуекелі туындаған жағдайда кестедегі өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етеді, - деп хабарлады компаниядағылар.
Сондай-ақ, тасымалдаушы Киевке ұшатын жолаушылардың алаңдаушылығын назарға ала отырып, Air Astana айыппұлды ұстамай, 13 ақпанға дейін қоса алғанда 14-21 ақпан аралығындағы рейстерге жазып берілген билеттерді қайта броньдауды және толық қайтаруды жүзеге асыратынын хабарлады. Сапар күнін өзгерту үшін мына телефондарға: + 7 (727) 244 44 77, + 7 (717) 258 44 77, +7 702 702 44 77 хабарласу қажет. Қайтаруды рәсімдеу үшін сілтеме бойынша форманы толтыру қажет.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та батыстың сақтандыру компаниялары 13 ақпаннан бастап Украинаға ұшатын әуе кемелеріне сақтандыру өтемақысын беруден бас тартқаны туралы ақпарат тарады. Оған қоса, жақын арада көптеген ұшақ Украина аумағынан шығарылуы мүмкін деген мәлімет жарияланды.