Қытайдан Қазақстанға 1 млрд теңгенің тауарын заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды
Жалпы салмағы 137 тоннаға тең тауар декларацияланбаған
Кедендік құнын төмендету мақсатында кәсіпкерлер декларацияда киім-кешектің орнына «маталарды» көрсеткен. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл қыркүйекте Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде кеден заңнамасын бұзды деген күдікпен 6 теміржол контейнеріне инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жұмысы жүргізілді.
Аталған контейнерлер Қытай Халық Республикасынан ЕАЭО елдерінің біріндегі тауар алушының мекенжайына транзит процедурасы негізінде бара жатқан.
Кедендік тексеріп-қарау барысында аталмыш контейнерлерден ірі партиядағы контрабандалық тауарлар табылған (тері тон, джинсы, шалбар, күртеше, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі, т.б.). Алайда, тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында кедендік-салықтық төлем құны төмен тауар «мата» көрсетілген, – делінген хабарламада.
Алдын-ала жүргізілген есепке сәйкес, жалпы салмағы 137 тоннаға тең декларацияланбаған тауардың кедендік құны 1 миллиард теңгеден асады.
ҚР Кеден кодексінің 222-бабына сәйкес кеден органдары кедендік транзит бойынша өтіп бара жатқан тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау барысында заң бұзушылық орын алған жағдайда оны тоқтатып, кедендік тексеріп-қарауды жүргізуге құқылы. Себебі транзиттік декларация заңды күші бар құжат болып есептеледі.
Іс материалдары қылмыстық-процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберіледі.