Halyq Uni логотип
×

Жұма намазда әл-Азһардың жоғарғы имамы уағыз айтады

Ол съезде де бейбітшілікті сақтаудағы ойларын ортаға салды

 Дастан Жұмабекұлы 15.09.2022 | 09:31
Жұма намазда әл-Азһардың жоғарғы имамы уағыз айтады
фото: ашық дереккөз

16 қыркүйек күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы республикалық бас мешітте әл-Азһар университетінің жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб жұма намазға қатысып, уағыз айтады.

Әл-Азхар шейхы, жоғарғы имам – ислам жетекшілеріне берілетін ең жоғары атақ. Шейх Ахмад ат-Тайеб астанаға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидереһлерінің басқосуына келген болатын. Ол Қазақстанға келісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, съездің жұмысына қатысты. Осы кездесуде президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін «әл-Азһар» ислам университетінің Жоғарғы имамы, шейх Ахмад ат-Тайебке ризашылық білдірді.

Біз өзіңіз басқаратын әл-Азһар университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан біз үшін толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы өте маңызды, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын әл-Азһар университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жақсы бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар «әл-Азһардың» Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.

Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдады.

Өз кезегінде «әл-Азһардың» жоғарғы имамы Мемлекет басшысына Мысыр президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді.

Cодан кейін астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман әлемінің әйгілі дін ғұламалары ілім алған, талай діндарлар түлеп ұшқан, дәстүрлі Исламды жоғары деңгейде оқытатын жаңашыл озық оқу орны, мәшһүр әл-Азһар университетінің шейхы, жоғары мәртебелі имам Ахмад Тайебпен кездесті.

Басқосуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің әлем жұртшылығын бірлік пен достыққа үндеудегі рөлі жайлы айтылды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының дін саласындағы байланысы, оқу-ағарту бағыты бойынша әріптестік қарым-қатынастары сөз болды.

Қалыптасқан екіжақты келісімдерді жандандырып, оны жүйелі жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырда білім алып жатқан қазақстандық имамдарға, сонымен қатар еліміздегі Нұр-Мүбарак университетінің діни кадр даярлау бағыты бойынша қызметіне қолдау көрсетіп келе жатқан әл-Азһар шейхына айрықша алғыс білдірді.

Кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуында да  әл-Азһар университетінің жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб жер-жүзінде бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын айтып,  құнды ойларын ортаға салды.

Бүгін – съездің соңғы күні. Оған қатысып жатқан діни жетекшілердің арасында Рим Папасы Франциск, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да адамдар бар. Жалпы, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қосқанда басқосуға 50 елден 100-ден астам делегацияның өкілдері қатысуда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама