Оның құрамында 11 адам болған
Шымкентте адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға, жеңгетайлыққа, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жыныстық қанау үшін адам саудасына тарту дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу барысында олардың қылмыстық әрекеттері Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында жүзеге асырылғаны, топтағы рөлдер нақты бөлінгені анықталды.
Ұйымдастырушылар 3 апалы-сіңлілі болып шықты. Олар сенімді адамдарымен бірге қылмыстық әрекеттерді үйлестірген. Қорқыту мен бопсалау, «айыппұлдар» арқылы қыздарды синтетикалық есірткі қолдануға және ақылы (кейде әртүрлі тауар үшін де) жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Топтың кейбір мүшелері жас әйелдер мен қыздарды іздеумен айналысқан. Олармен танысып, сеніміне кіре отырып, осы «іске» тартқан, - деп жазылған хабарламада.
Олар қыздарды әлеуметтік желі арқылы Қарағанды, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан тапқан.
Билет сатып алу мен тұруға кеткен шығынды қылмыстық топтың ұйымдастырушылары төлеген.
«Топтың басқа мүшелері «әкімші» және «кассир» рөлін атқарды. Олар қыздардың тәртібін қадағалап, есеп пен касса жүргізіп, интернеттегі жарнамалар арқылы табылған «клиенттерді» қабылдап отырған. Қылмыскерлердің тапқан табысы – шамамен 150 млн теңге», - деп жазылған хабарламада.
Жыныстық сауданың құрбандары арасында 17-25 жас аралығындағы 14 қыз бар. Оның алтауы кәмелет жасына толмаған.
Олар қыздарды жалдамалы пәтерлерде ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірқатар жағдайда күдіктілер қыздарды өзімен бірге ертіп, қонақүйлер мен сауналарға апарған. Қыздар туған-туыстарына және ата-аналарына бала күтуші болып жұмыс істейміз деп айтқан. Кейбір жағдайда ұйымдастырушылар қыздардың ата-аналарымен кездесуге барып, өздерін «бала күтушіге жұмыс беруші» сияқты көрсеткен, - деп жазылған хабарламада.
Полицейлер қылмыстық топ барлық мүшесін ұстаған: 11 адам. Қазір олар Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр.
«Бұл дерек бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде: 2 дерек – Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1, 2-бөлігі («Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу»), 5 дерек – Қылмыстық кодекстің 128-бабы («Адам саудасы»), 5 дерек – Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту»), 2 дерек – Қылмыстық кодекстің 308-бабы («Жезөкшелікке тарту»), 3 дерек – Қылмыстық кодекстің 309-бабы («Притон ұстау мен жеңгетайлық»), 1 дерек – Қылмыстық кодекстің 297-бабы («Есірткі заттарын алу, сақтау, тасымалдау») бойынша», - деп жазылған хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр.